Сайт создан на конструкторе asia.kz.   Создайте и Вы себе сайт бесплатно!

Астана қаласы. Байланыс телефондарымыз: 87071114926

 
Объявление от Asia.kz:
Картриджи, тонер, принтеры, расходные материалы

Картриджи, тонер, принтеры, расходные материалы по низким ценам

 
 
Мотивация
 
Реклама:
Конструктор сайтов Asia.kz
Конструктор сайтов Asia.kz
 

Ісіктер.

13. 02. 2016

         Ісік (латынша-tumor,blastoma, грекше-neoplasma,орысша-опухоль)- тұтас ағзаның жүйкелік – эндокриндік реттеулеріне бағынбай,өз бетінше дербес өсетін,құрылымы мен қасиеттерінде шыққан тін жасушаларынан үлкен алшақ-тықтары бар, шексіз бөлініп көбейетін және жаңадан қабылдаған қасиеттерін туынды жасушаларына бере алатын, дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушалар-дың тым артық өсіп-өніп кетуін айтады.

         Ісіктер тек адамдарға ғана емес хайуанаттар дүниесінде, тіпті өсімдіктерде кездеседі. Ісіктер қазіргі таңда ауру адамдар өлімінің негізгі себебі ретінде екінші орында тұр. Адамдардың әрбір бесінші немесе алтыншысы осы қатерлі ісіктен өледі екен. Сол үшін ісіктердің пайда болу себептерін, оның таралу жолдарын, морфологиялық өзгешеліктерін білу және үйрену медицина тәжірибесі үшін өте маңызды мәселе. Ісіктерді зерттеумен онкология ғылымы шұғылданады.

          

 

 

                        Ісіктің морфологиялық көріністері мен

                        құрылысы. Өсу ерекшеліктері.

 

          Ісік қай тіннің негізінде өсуіне байланысты әр түрлі түзіліске ие. Ісік ағза қуысына қарай немесе терінің сыртында полип тәрізді жіңішке сабаққа ілініп тұрса, оны экзофитті өсу дейді. Егер ісік қуыс ағзаның қабырғасына немесе басқа ағзалардың ішіне қарай өссе,оны эндофитті өсу деп атайды. Ісік көбінесе үлкенді-кішілі түйін түрінде өседі, оның көлемі қай жерде өсуіне байланысты. Бас сүйегінің ішінде ісіктер көп үлкеймей-ақ ауыр клиникалық өзгерістерге соқтырса, қарын қуысындaғы ісіктер шексіз өсе беруі мүмкін. Мысалы, жатыр фибромио-масының 70 килограмға дейін жеткені белгілі, ал аналық безде 129,5 килограмдық кистома табылған. Рак негізінен ақшыл түсті болса, саркоманың түсі балық етіне ұқсас ақшыл-қызыл болады, ал май тінінің ісігі сары түске боялады.

           Ісік құрамында паренхима (ұлпа) басым болса ол жұмсақ, ал стромасы көп болса қатты болады. Барлық ісіктерді гистологиялық құрылысына, клиникалық көріністеріне қарап қатерсіз, қатерлі ісіктер деп бөледі.

            Қатерсіз ісіктер әдетте ұзақ уақыт өседі және ағзаны аса қатты өзгерістерге ұшыратпайды. Оларға негізінен тіндік атипизм тән. Тіндік атипизмге ісік құрамындағы паренхима мен строма арақатынастарының бұзылуы, строманы түзуші дәнекер талшықтарының, жүйке талшықтарының әр түрлі жуандықта болуы немесе олардың түрлі бағытта ретсіз орналасуы, қан тамырларының бір жерде көп, екінші жерде аз болуы және т.б. кіреді. Бірақ клеткалар түзілісінде өзгеріс болмайды. Қатерсіз ісіктер айналасындағы тінге бойламай, оларды ығыстыра (экспансивті) өседі, олардың құрылысы өзі дамыған ағзаның құрылы-сына сәйкес болады, яғни гомологиялық ісіктер қатарына жатады. Метастаз бермейді, хирургиялық жолмен алып тастағанда кейбір сирек жағдайда болмаса қайта өспейді. Қатерсіз ісіктер өте үлкейіп кеткенде ғана жанындағы ағзаларды басып механикалық тұрғыдан олардың қызметін бұзады.

            Қатерлі ісіктерге клеткалық атипизм тән. Оларды түзуші клеткалар өзі өсіп шыққан ағза не тін клеткаларынан өзгеше болып гетерологиялық ісіктер қатарына жатады. Қатерлі ісіктер тез өсіп-өнетіндіктен олардың арасында митоз құбылысы көп кездеседі, кейде ісік клеткаларының 10 пaйызы митоз күйінде болады, олардың ішінде патологиялық митоздардың саны көбейеді (хромосома-лардың шашылып немесе бөлшектеніп кетуі, хромосомалар арасында көпірлердің пайда болуы, көп полюсті митоздар, үш топты метафаза және т.б.). Кейбір клеткаларда хромосома саны 200-300-ге жетеді.

            Жалпы айтқанда, ісік клеткалары өсіп-өнуі мен дамып жетілуі бойынша, құрылысы мен қасиеттері,атқаратын қызметтері бойынша орналасқан қалыпты тін жасушаларынан алшақтанып ерекшеленіп тұрады. Осындай жағдайды ісік өсуінің атипиясы (грек.,а-жоқ,болмау; typos-түр,пішін) дейді.

            Ісіктің бірнеше:

           -өсіп-өну атипиясын;

           -морфологиялық атипиясын;

           -биохимиялық атипиясын;

           -антигендік атипиясын;

           -функциялық атипиясын;

           -физикалық-химиялық атипиясын-ажыратады.

           Ісіктердің өсіп-өну атипиясына олардың өсу дербестілігі және тіршілігін жоғалтпай,ұдайы шексіз өсіп-өнуі жатады.

           Ісік өсуінің дербестілігі. Ісік ісікке айналған бір жасушаның ғана қарқынды бөлініп көбеюі нәтижесінде дамиды және өған қажетті заттарды қаннан сорып алады. Өйткені ісік жасушаларының өсіп-өнуі өзін-өзі реттейтін жолмен болады. Ісік өсуі жасушалардың бөлініп көбеюін қадағалайтын нәруыздардың артып кетуінен немесе оны тежейтін нәруыздардың жетіспеушілігінен дамиды. Бұл нәруыздар ісік жасушаларына өсу факторы болып есптеледі. Осыдан ісік жасуша-лары өз беттерінше ұдайы бөлініп көбейе береді. Ісік жасушалары, қалыпты жүйкелік-эндокриндік және паракриндік реттеу жолдарына бағынбай, өз беттерінше ырықсыз өседі. Осындай жағдайды ісік өсуінің дербестілігі дейді.

           Морфологиялық атипия тіндік және жасушалық болып ажыратылады.

         Тіндік атипия - деп тіндік құрылымдардың қалыпты арақатынасының бұзылуын айтады.

          Жасушалық атипия - ісік жасушаларының құрылымы мен пішіні және көлемі бойынша орналасқан қалыпты тін жасушаларының алшақтанып, ерекшеленуін айтады.

           Биохимиялық атипия - деп ісік тінінде зат алмасуларының қалыптыдан ауытқып ерекшеленуін айтады. Ісік клеткаларында тотықтану процесінен көрі гликолиз (яғни ашу, іру) басым,себебі олар өсіп-өну үшін оттегін көп қажет етпейді,сондықтан оттегімен қамтамасыз ететін жүйенің көмегінсіз-ақ өсе береді.

           Антигендік атипия  деп организмде қалыпты жағдайда кездеспейтін тек ісікке тән,не ісікті тудыратын вирустарға, канцерогендерге тән, не эмбрион кезінде ғана ұшырайтын антигендердің қанда пайда болуын айтады. Мысалы, тек эмбрион кезінде пайда болатын фетопротеин ақуызының ауру адам қанында табылуы бауыр рагын, кейде еркек жыныс безі рагын уақытылы анықтауға жәрдем береді. Антигендік күрденелену антигендік дивергенция және реверсия түрлерінде байқалады. Антигендік дивергенсия - деп ісік жасушасында орналасқан тіннен басқа тіндердің антигендері өндірілуін айтады. Антигендік реверсия - ісік жасушаларымен ұрықтық антигендердің өндірілуін айтады. 

            Функциялық атипия - Ісік орналасқан ағзаның немесе тіннің атқаратын қызметін:

      - жоғалтады немесе төмендетеді; мәселен, асқазан обыры оның сөл шығаруын азайтады, лейкоз кезінде лейкоциттер фагоцитоздық қызмет атқармайды;

      - арттырады; мәселен, аденома кездерінде эндокриндік бездердің гормон шығару қызметі артып, гиперфункция дамиды;

      - орналасқан тін жасушаларына тән емес қызмет атқарады; мәселен, бронхогендік обыр аденогипофиздің гормондарын, сүт безінің обыры тиреоидтық гормондарды өндіре бастайды.

             Физикалық-химиялық атипия - Ісік жасушаларында судың калий иондарының мөлшері жоғарылайды да, кальций, магний иондары азаяды.

 

 

 

                                         Ісіктердің этиологиясы.

 

              Ісіктердің пайда болу себептері өте көп, олар әлі де болса ақырына дейін зерттелмеген. Ракты тексеруші Халықаралық қоғамның анықтауы бойынша адам рагының 80-90 пайызы қоршаған ортада таралған әртүрлі (химиялық, физикалық және биологиялық) ықпалдардың әсеріне байланысты.

              Химиялық канцерогенез. 1775 жылы Англияда Персивал Потт мұржа тазалайтындардың обырын хабарлады: бала күнінен көп жылдар түтін шығатын мұржаларды тазалайтын адамдардың ұма терісінде, санының және құрсақ терілерінде обыр ісігі пайда болатыны байқалған. Бұл обырдың себебі пештің күйесі болады деген пікір айтылды. Осыдан кейін көп зерттеушілер обыр ісігін жануарлардың терісіне тас көмір қара майын жағу арқылы тәжірибеде алуға кірісті. Тек 1918 жылы жапон зерттеушілері Ямагива мен Ишикава осы жолмен қоянның құлағында тері обырын алды. Осыдан бастап химиялық канцерогенезді жүйелі түрде зерттеу басталды. Артынан әртүрлі химиялық заттардың әсерлерінен ісіктің басқа түрлері де дамитыны белгілі болды.Көптеген кәсіптік рактар да әртүрлі химиялық заттардың әсерінен дамиды. Мысалы, хош иісті аминдерге жататын анилин,бензидин, 2-нафтиламинмен жұмыс істейтін адамдардың көпшілігінде 5 жылдан кейін қуық рагы пайда болады. Ренгенологтарда, басқа дәрігерлерге қарағанда тері рагы 8 есе жиі ұшырайды. Этилнитроздық аминдер бүйрктің, жүйке жүйесінің рагына, диэтилнитроздық аминдер - бауыр рагына соқтырады.

             Шеккен шылымның түтінінде, арақ-шарап құрамында канцерогендік заттар бар. Шылым шегетін адамдарда шылым шекпейтіндерге қарағанда өкпе рагы 10 есе жиі ұшырайды. Сонымен қатар ауыз қуысы,жұтқыншақ, көмей рактары да 3-9 есе көбейеді. Маскүнемдерде сау адамдарға қарағанда қылтамақ 170есе, көмей рагы 10 есе көп кездеседі.

             Ана ағзасындағы химиялық заттар бала жолдасы арқылы өтіп өсіп келе жатқан ұрыққа канцерогендік әсер ету мүмкін. Трансплаценталық канцерогенез 30-шы жылдары Америкада жүктілікті сақтау үшін кеңінен қолданылған диэтилстильбестрол гормоны кейінірек  жас қыздар мен әйелдер қанының қатерлі ісігінің дамуына себеп болғандығы анықталған. Жалпы 5 жасқа дейінгі балаларда кездесетін ісіктердің (нефробластома, гепатобластома, лейкоз, остеогендік саркома және т.б.) көбі осы жолмен туындайды. Эндокрин бездерінің көптеген ауруларында ағзадағы гормондар тепе-теңдігі бұзылып олар әсіресе стероидтар мен эстерогендер, нысана – ағзаларға канцерогендік әсер етеді.

            Осы аталған химиялық заттардан басқа, әртүрлі физикалық факторлар да ісіктің туындауына себеп болады. Бұларға әртүрлі иондағыш сәулелердің түрлері және ультракүлгін сәулелер жатады. Иондағыш сәулелердің барлық түрлері канцерогендік әсер ете алады. 1895 жылы рентген сәулелері ашылғаннан кейін 1909 жылы ең алғаш радиацияның ісік туындату мүмкіншіліктері туралы пікір айтылды. Ренгенологтарда тері обыры мен сүйек саркомасы дамуының мүмкінші-ліктері байқалды. Адамдарда рентген сәулелерімен жалпы сәулелендірудің нәтижесінде ісік пен лейкоздардың дамуы жиілейді. Хиросима, Нагасаки қалаларында 1945 жылы АҚШ атом бомбасын жарғаннан кейін, Семей полиго-нында 1949 жылдан бастап атом бомбпсын сынаулардан соң бұл аймақтардың тұрғындарының арасында лейкоз дерті мен ісіктер жиі кездесетін болды. Ультра-күлгін сәулелер әсерінде тері рагы мен меланома дамиды.

             Биологиялық канцерогенез. 1908-1911 жылдары Америка ғалымы Раус тауық саркомасының жасушасыз сүзіндісін сау тауықтарға енгізу арқылы осы ісіктің дамитынын көрсетті. 1933 жылы Шоуп қоянға ісіктен алынған осындай сүзіндіні енгізіп,онда папиломма ісігін алды. Вирустардың әсерінен адамда Т-жасушалы лейкоз т.б. дамиды. Ересек адамдарда Т-жасушалық лимфолейкоз вирустың ықпалынан туындайды. Адамда кездесетін герпесвирустар (герпес-ұшық) ДНҚ-онковирустарға жатады. Олардың ішінде Энштейн - Барр

вирусы сау адамдардың жұтқыншақ – көмейлерінің шайындысында жиі кездеседі.

             Ісік туындататын вирустар үш сатыда әсер етеді:

             - бірінші сатысында жасуша ішіне еніп,онда ДНҚ молекуласымен бірігіп кетеді де, жасушаның тектік ақпаратын өзгертеді;

             - екінші сатысында өзгерген тектік ақпарат бойынша онконәруыздар мен мРНҚ түзілуін арттырады;

             - үшінші сатысында онконәруыздар жасушаның шексіз бөлініп көбеюін арттырып, ісік жасушасына айналдырады.

                                 

                           Ісік өсуіне әкелетін қауіп-қатерлі ықпалдар.

             Осы ықпалдармен қатар ісік дамуына әкелетін көптеген қауіп-қатерлі ықпалдарды ажыратады. Оларға:

             зиянды әдеттер:

             - темекі шегу;

             - маскүнемдік;

             - насыбай ату;

             тиімсіз қоректену (тым майлы тамақ ішу,ысталған тамақты артық пайдалану, тағамда витаминдер, қанықпаған май қышқылдары жетіспеуі т.б.)

             - қоршаған ортаның химиялық заттармен, иондағыш сәулелермен ластанулары т.б. жатқызуға болады.

             Ісіктің пайда болуы немесе болмауы көпшілік жағдайда ағзаның, ең алдымен реттеуші жүйелерінің жағдайларымен, оның даралық реактивтілігімен өте тығыз байланысты. Ісік дамуында иммундық жүйелердің маңызы өте үлкен.

 

                  Ісіктердің пайда болуындағы иммундық жүйенің рөлі.

 

             Әдетте қатерлі ісік иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда: қарттарда, иммунодепрессивтік препараттар қабылданған ауруларда көп ұшырайды. Канцерогендік заттар да иммундық жүйе қызметін басып тастайды.

             Көптеген ісік жасушаларының антигендік құрамы қалыпты жасушаларға өте жақын,сондықтан ісік дамуының алғашқы кезеңінде ағзада ісікке қарсы бағытталған күшті иммундық реакция байқалмайды. Тек антигендік ерекшелігі жақсы дамыған ісіктер пайда болғанда ғана иммунды жүйенің белсенді қарсылығы көрінеді. Ісікке қарсы күресте негізгі рөлді жасушалық иммунитет атқарады. Ісіктің өсу аймағының айналасында Т-лимфоциттер шоғырлары көрінеді, олар қаншалықты көп болса, бұл ісіктің нәтижесі соншалықты оң болады. Осындай әртүрлі қатерлі ісіктердің кейде бүтіндей жойылып кетуі иммундық жүйе қызметіне байланысты.

             Ал иммундық жүйені әдейі басып тастағанда (бақа ағзаларды көшіріп отырғызу,яғни трансплатация операциясына байланысты) ісіктің пайда болу мүмкіншілігі 100 рет артады. Дeмек иммундық жүйенің қалыпты қызметі ісік пайда болудың тежеуші факторларының бірі болып есептеледі. Көп жағдайларда рактың шығуы жасқа байланысты. 60 жастан кейін ракпен ауру мүмкіндігі 250жасқа дейінгі адамдарға қарағанда  50 тіпті 100 есе артдады. Бұл құбылыс организмде жас өткен сайын канцерогендік заттардың жиналып қалуымен, қоршаған ортаның ластануымен  ракалды процестерінің көбеюімен, иммундық жүйенің, әсіресе, тимус қызметінің әлсіреуімен түсіндіріледі. Сонымен қатар өсіп келе жатқан ісік организмнің жүйке жүйесі жағдайына үлкен әсер етіп, аурулар-дың психикасы өзгереді, қозу, тежелу үрдістерінің арақатынасы бұзылады, созыл-малы күйзеліс жағдайы дамиды.

 

 

 

                                            Ісіктің түрлері.

  

               Ісіктің қазіргі кездегі халықаралық түрлері ісік гистогенезі негізінде құрылған; яғни ісікті әртүрлі топтарға бөлгенде оның қайсы тіннен пайда болған-дығы, қатерсіз не қатерлі екендігі есепке алынады. Организмнің кез келген ағзасы немесе тіні ісік көзі бола алады. Қазіргі уақытта барлық ісіктерді 7 топқа бөледі:

               1. Арнайы даму орны жоқ эпителийлі ісіктер (жеке ағзаға тән емес ісіктер).

               2. Сыртқы және ішкі секреция бездері мен жамылғы эпителий ісіктері (жеке ағзаға тән ісіктер).

               3. Мезенхималық ісіктер.

               4. Меланин түзуші тін ісіктері.

               5. Жүйке жүйесі мен ми қабықтарының ісіктері.

               6. Қан жүйесінің ісіктері.

               7. Тератомалар.

              

 

       Арнайы даму орны жоқ (жеке ағзаға тән емес) эпителийлік ісіктер.

                                

               Бұл ісіктер кез келген жалпақ не безді эпителийден дамиды. Олар қатерсіз және қатерлі болып екі топқа бөлінеді.

               Қатерсіз ісіктер.  Эпителийден пайда болатын арнайы даму орны жоқ қатерсіз ісіктерге папиллома мен аденома жатады.

               Папиллома (латынша papilla - бүртік) жалпақ және өтпелі эпителийден өсіп шығатын ісік. Ол теріде, ауыз, мұрын қуысында, көмейде, бүйрек астауында, қуықта, сүт бездерінің өзектерінде, ми қарыншаларының ішінде өседі. Папиллома көлденеңі 1 сантиметрге дейін болған түінше түрінде кейде сабақшаға ілінген полип тәрізді терінің не шырышты қабықтарының үстінде жайғасатын ісік.

              Аденома – безді ағзалар эпителиінен,олардың өзектерінен өсетін безді ісік. Ол айналасындағы тіндерден жақсы шекараланған,үлкендігі бірнеше миллиметр-ден, ондағы сантиметрге жететін, жұмсақ ісік. Аденомалар өсіп шыққан жеріндегі тіндерге ұқсас құрылымдар түзеді. Егер аденома құрамында эпителийден гөрі дәнекер тін өсуі басым болса, бұл ісікті фиброаденома деп атайды.

             Қатерлі ісіктер. Эпителийден туындайтын қатерлі ісікті рак деп атайды. Рак адамдағы қатерлі ісіктің түрі. Рак түйін түрінде, не жайылма өскен, ақшыл реңдегі ісік, ол қатты, кейде жұмсақ болады. Рактың бірнеше түрлерін ажыратады:

             1) орнықты рак - эпителий қабатының ішінде өсетін рак.

             2) жалпақ клеткалы - терінің, шырышты қабаттардың жалпақ не өтпелі эпителийінен өсіп шығатын рак.

             3) безді - безді ағзалардың шырышты қабықтарының призмалық немесе текше тәрізді эпителийінен өсіп шығатын рак.

             4) шырышты - ісік клеткаларының көп мөлшерде сұйықтық бөліп шығару-мен сипатталады.

             5) солидті - аса тез өсетін ісіктер қатарына жататын,эпителий клеткала-рынан түзілетін рак.

             6) майда клеткалы - жетілмеген рактар қатарына жатып, көбінесе өкпеде кездеседі.

             7) фиброзды - сүт бездерінде,асқазанда көбірек кездеседі, өте қатерлі, ерте метастаз беретін рак.

             8) медулярлы рак - ми тәрізді ақшыл және жұмсақ ісік.

 

                    Сыртқы және ішкі секреция бездері мен жамылғы

                           эпителий ісіктері (жеке ағзаға тән ісіктер).

 

            Бұл ісіктер жеке ағзалар клеткасынан өсіп тек осы ағзаларға тән құрылым-дар түзеді және сол ағзалардың кейбір қызметін атқарады.

            Гипофиз ісіктері. Гипофиз құрамында кездесетін клеткалардың бәрінде де ісіктер өседі. Клиникалық белгілеріне қарап немесе қандағы гормондар мөлшерін анықтау арқылы гипофизде гормондар бөліп шығаратын және гормондар бөліп шығармайтын аденомаларды ажыратады. Гормондар бөліп шығаратын аденома-лар хромофобтық немесе эозинофилдік клеткалардан түзілген. Гормондар бөліп шығармайтын аденомаларды микроскоптық көріністеріне қарап майда клеткалы хромофобты, ірі клеткалы хромофобты және онкоцитома деп бөледі. Майда клеткалы хромофобты аденомалар гиперхромды боялған майда, ядролары домалақтау сопақ клеткалардан түзілген. Олар белгілі бір құрылымдар түзбейді. Ірі клеткалы хромофобты аденомалардың ядролары ірі, полиморфты, кейде екеу. Онкоцитомалар өте ірі, қызғылт түске боялған, цитоплазмасы түйіршікті, ядрола-ры кішкентай клеткалардан құралған.

            Бүйрек үсті безінің ісіктері. Бүйрек үсті безінде де түрлі гормон бөліп шығарушы ісіктер кездеседі. Шумақты аймақтан альдостеромалар, талшықты аймақтан кортикостеромалар ме глюкокортикомалар, торлы аймақтан андростеро-малар өсіп шығады және одан басқа аралас ісіктерде кездеседі. Аденоманың өзіне тән клиникалық белгілері болады. Альдостеромалар клиникасы Кон синдромы-мен, кортикостеромалар Кушинг синдромымен, андростеромалар жыныс белгіле-рінің өзгеруімен сипатталады.                        

             Аналық без ісіктері.Аналық без ісіктері негізгі бес топқа бөлінеді: эпителийлік ісіктер; жыныстық жолақ стромасының ісіктері; липидтікклеткалық ісіктер; герминогендік ісіктер; гонадобластома. Эпителийлі ісіктердің ішінде жиі кездесетіні сарысулы және муцинді цистаденомалар. Гранулезаклеткалы ісік эстероген гормондарын бөліп шығаратын ісік. Текома да фолликулома сияқты гормон бөліп шығарушы, негізінен қатерсіз, консистенциясы қатты, сары түсті ісік. Дисгерминома қатерлі ісіктер қатарына жатып, жыныс белгілері толық жетілмеген қыздар мен жас әйелдерде кездеседі.

             Аталық без ісіктері. Жалпы аталық без ісіктерін жетілмеген жыныс клеткаларының без стромасының, без қабықтарының және ен қосалқысының ісіктері деген топтарға бөледі. Герминогенді ісіктерге семинома жатады. Ен стромасының ісіктеріне Лейдиг және Сертоли клеткаларынан өнетін, гормондар бөліп шығаратын қатерсіз ісіктер кіреді.

             Лейдигома қоңыр түсті түйіндер түзіп, цитоплазмасы қоңыр, ядролары хроматинге бай клеткалардан тұрады.

             Сүт бездерінің ісіктері. Сүт безіне тән қатерсіз ісіктерге фиброаденома жатады. Бұл ісік түйін тәрізді өсіп, консистенциясы қатты болады.

             Сүт бездеріне тән қатерлі ісіктерге: бөлікшеішілік сіңіп өспейтін рак - без эпителийінің соңғы бөліктерінен және бөлекшеішілік өзектерден өседі; өзекшеіші-лік сіңіп өспейтін рак - ісікке тән тән атипиялық эпителий клеткаларының бүртік-теніп,өзек ішін толтыра өсіп кетуімен сипатталады; Педжет ауруы - бір жерден емес, ауқымды ісік өрісінен,емізік эпителийінен,бір мезгілде дамитын рак жатады.

             Жатыр ісіктері. Жатырға тән ісіктерге трофобластық аурулар қатарына кіретін инвазиялық қағанақ тығыны және хорионкарцинома жатады. Инвазиялық қағанақ тығыны хорион бүрлерінің жатыр және жамбас веналарына бойлай өсуімен сипатталады. Хорионкарцинома трофобласт элементтерінен өсіп-өнетін ,қағанақ тығынынан кейін, түсіктен кейін, жатыр түтігіндегі жүктіліктен кейін қалған хорион қалдықтарынан дамитын, тез арада гематогенді метастаз беретін ісік.

            Қалқанша без ісіктері. Қалқанша бездің қатерсіз ісіктеріне аденома жатады. Олар фолликулалы, сорғышты, В және С - клеткалық аденомалар болып бөлінеді.

            Фолликулалы аденомалардың  өзі фолликулалардың мөлшеріне қарай микро-  және макрофолликулалық аденомаларға бөлінеді.

            Сорғышты аденомаларда фолликула ішіндегі эпителий тармақтанып кеткен сорғыштар тәрізді өседі. В- клеткалық аденома өте үлкен, цитоплазмасы қызғылт түске боялған, ядролары домалақ және ірі, бір-біріне жақын орналасқан Ашкинази-Гюртль клеткаларынан түзілген. С- клеткалық аденоманың ядролары ұзынша,сопақ болып көрінеді.

            Осы аденомалардан дамыған қатерлі ісіктерді фолликулалық рак, сорғыш-ты рак деп атайды. Ал С - клеткалардан солидті, стромасынан амилоидоз дамыған рак өседі.

        

                                           Мезенхималық ісіктер.

 

            Мезенхима деп дәнекер тканьдердің арлық түрлері пайда болатын эмбрион-дық тканьді атайды. Мензехимадан дәнекер ткань, қантамырлы бұлшықеттер, шеміршек және сүйек ткані, сірі қабықтар, қан жасау жүйесі жатады. Осы тканьдердің жетіліп үлгермеген (камбиальдік) элементтерінен белгілі бір жағдайларда қатерлі және қатерсіз ісіктер өсіп шығады.

            Мезенхимадан өсетін қатерлі ісіктер. Фиброма жетілген талшықты дәнекер тіннен өсетін қатерсіз ісік. Ол теріде, теріасты шелінде, сүт безінде, жатырда, бұлшықет аралығында өсіп,бірте-бірте үлкейіп көлденеңі 4-5 см жетеді. Құрамындағы клеткалар мен дәнекер тіннің арақатынасына байланысты фиброма-ны екіге бөледі: жұмсақ фиброма фибробласт, фиброцит клеткаларынан түзілген. Олардың арасында аралық тін мен жіңішке коллаген талшықтары көрінеді. Қат-ты фиброма әртүрлі бағытта орналасқан дәнекер тін талшықтарынан және аз мөлшердегі фибробласт клеткаларынан құралған.  Десмоидтық фиброма қатты фиброманың бір түрі, іштің тік бұлшықетінің апоневрозынан өседі. Дерматофиб-рома(гистиоцитома) терімен байланысқан дәнекер тін ісігі. Ісік құрамында қан тамырлары да көп, сондықтан дерматофиброманың ангиофиброматоздық, липидтік, сидерофилдік түрлерін ажыратады.

           Липома - май тінінің қатерсіз ісігі. Ол кесіп қарағанда сары немесе ақшыл сары түсті. Липома көлемі мен пішіні әртүрлі май клеткаларынан түзілген. Егер маймен бірге дәнекер тін өсіп кетсе ісікті фибролипома деп атайды. Липома құрамында қан жасаушы элементтер болса оны миелолипома дейді.

           Гибернома қоңыр май тәрізді өте сирек кездесетін ісік. Қоңыр май қалдық-тары ұшырайтын жерлерде: омыртқа, бүйрек, бүйрекүсті безі айналасында, жауы-рын аралығында, мойында, қолтық астында дамиды.

           Лейомиома біріңғай салалы бұлшықет ісігі, көбінесе жатырда, асқазан-ішек жолдарында кездеседі. Ісік құрамында дәнекер тін басым болса, ол ісік фибромио-ма деп,қан тамырлары көп болса - ангиомиома деп аталады.

           Рабдомиома көлденең жолақты бұлшықет ісігі жүректе, аяқ-қол бұлшықет-терінде өседі,оның көлденеңі 10-15 см-ге жетеді.

           Қан және лимфа тамырлары ісіктерінің көпшілігі дизонтогенездік негізде дамиды. Олардың қатерсіз түрлеріне капиллярлық, каверналық, веналық гемангиомалар, гломусангиома, қатерсіз гемангиоперицитома, лимфангиома жатады.

           Мезотелиома - сірі қабықтардың ішкі қабықтарын астарлап жататын мезотелий клеткаларының ісігі.          

           Остеома - сүйек тінінің ісігі, оның тығыз және кеуек түрлері болады.     

           Остеоидтық - остеома сүйектердің диафизінде ұшырайтын, диаметрі 1 см-ден аспайтын қатерсіз ісік.

           Хондрома - гиалин шеміршегінен өсіп шығатын қатты ісік. Ең көп ұшырай-тын жері қолдың, аяқтың майда сүйектері, омыртқа.

          Мезенхиманың қатерлі ісіктері. Оларды саркома деп атайды. Сракоманың мезенхиманың қатерсіз ісіктерден айырмашылығы, онда клетка атипизмі жақсы дамыған,митоздар көп, гематогенді метастаз береді.

          Фибросаркома - дәнекер тіннің қатерлі ісігі, ол аяқ-қолдың жоғарғы бөлігінде, жұмсақ тіндердің арасында түйін түрінде байқалады.

          Дерматофибросаркома - терімен байланысты ісік, арқада, иықта және балтырда тері астынан томпайып тұрған түйін түрінде байқалады.

          Липосаркома - май тінінің қатерлі ісігі, кез келген жаста кездеседі, ісік клеткаларының арасында бір ядролы және көп ядролы, ерекше ірі, атипиялық клеткалардың болуымен ерекшеленеді.

          Қатерлі лейомиома - бірыңғай салалы бұлшықет ісігі.

          Рабдомиосаркома - өте қатерлі ісіктердің бірі, көптеген метастаз береді.

          Қатерлі гемангиоэндотелиома - бір-бірімен тәртіпсіз жалғасып жатқан, атипті эндотелий клеткаларымен астарланған майда қан тамырларынан құралған.

          Ангиосаркома - қан тамырларынан өсіп шығатын аса қатерлі ісік.

          Лимфангиосаркома - лимфа тамырларынан өсетін, атипті эндотелий клеткаларымен астарланған қуыстар түзетін ісік.

          Қатерлі синовиома - цитоплазмасы ашық немесе ұршық тәрізді клеткалар-дан құралған ісік.

          Қатерлі мезотелиома - сірі қабықтарының өте қалыңдап кетуімен, олардың қуысының тарылып немесе бүтіндей тығындалып қалуымен сипатталған ісік.

          Остеосаркома - сүйектің қатерлі ісігі. Ол негізінен ұзын сүйектерде кездеседі.

          Хондросаркома - сирек кездесетін, шеміршек клеткаларынан өсетін ісік.

 

                                                Меланин түзуші тіннің ісіктері.

          Алғашқы меланин түзуші клеткалар теріде, көздің нұрлы қабықшасында және ми қабықтарында дамиды. Меланин түзуші клеткалардан: пигменттік невустар (тума ақаулар)  және меланомалар (нағыз ісіктер) дамиды.

          Пигменттік невустар балалардағы ең көп ұшырайтын тума ақаулар қатарына жатады. Оның бірнеше түрлерін ажыратады:

          Шекаралық невус эпидермис пен дерманың шекарасында ірі, домалақ немесе көпбұрышты, цитоплазмасы түссіз, ядросы көпіршіктенген невус клеткаларының тобы.

          Дермаішілік невуста невус клеткалары тек дермада жайғасады, оларда пигмент көп.

          Эпителиоидтық невус балаларда және жас өспірімдерде кездеседі. Ол теріде қоңыр түсті  түйін түрінде көрінеді.

          Галоневус айналасында пигментсіз аймақтың пайда болуымен ерекшеленеді.

          Көгілдір невус бетте, қол-аяқта, жамбаста, белде көгілдір түстегі, тегіс дақтар немесе қатты түрінде көрінетін невустың ерекше бір түрі.

          Меланома аса қатерлі ісіктер қатарына жатып, меланоцит клеткаларынан дамиды. Меланома өте тез гематогендік лимфогендік метастаз бергендіктен, организмде меланин мөлшері көбейіп, тері қараяды немесе меланин зәрмен шыға бастайды.

 

                                           Жүйке жүйесі мен ми қабықтарының ісіктері.

                                                          Нейроэктодермалық ісіктер.

 

          Орталық жүйке жүйесінің клеткаларында ісік сирек өседі, негізгі ісік көзі -нейроэктодерма. Олар:нейроэктодермалық және ми қабықтарының ісіктері деп екіге бөлінеді.

          Нейроэктодермалық ісіктер: Астроциттық ісіктер. Қатерсіз астроцито-ма жас балаларда көп кездеседі. Ол мишықта,ми бағанында түйін түрінде өседі. Арасында киста пайда болады. Қатерлі астроцитома клетка полиморфизімен сипатталады. Ісікте некроз ошақтары кездеседі.

          Олигодендроглиалық ісіктер. Ол негізінен аралары өте жақын, ядросы ірі, домалақ, ал ядро айналасында түссіз аймағы бар клеткалардан түзіледі.

          Эпендималық ісіктер мен хориоидтық өрім ісіктері. Эпендиома ісігі ми қарыншаларын астарлап жатқан эпендима клеткаларынан түзілген. Ол негізінен 4-ші қарыншада, өте тығыз, түйін түрінде өседі.

          Нейрондық ісіктер. Оларға ганглиоцитома - ірі жетілген ганглиоздық клеткалардан құралған қатерсіз ісік және ганглионейробластома - ганглиоздық клеткалардан дамитын қатерлі ісік жатады.

         Ми қабықтарының ісіктері .Олар менингиомалар немесе арахноидэндоте-лиомалар деп аталады. Ісік қатты түйін түрінде өсіп,мидың қатты қабығынан немесе жұмсақ қабаттарын астарлап жатқан арахноидэндотелий клеткаларынан өседі. Оның мына түрлерін ажыратады:  а)Менинготелиалдық менингиома-майда, цитоплазмасы ашық түсті,ядросы сопақша, хроматині әлсіз боялған клеткалардан тұрады; ә)Қат-қабат құрылымды менингиома-қабаттанып бір-біріне айнала орна-ласқан; б)Ангиоматоздық менингиома құрамында қан тамырлары көп; в)Фиброз-дық менингиомада клеткалар әртүрлі бағытта орналасқан будалар түзеді.

         Шеткі жүйке жүйесі ісіктері. Оларға: нервилеммома - жүйке қабықтары-нан өсетін, жақсы шекараланған кейде капсуласы бар, жұмсақ, созылмалы сұрғылт-сары түсті ісік; нейрофиброма - жүйке талшықтарынан және дәнекер тіннен тұратын ісік; нейрофиброматоз - жүйке жүйесінің тума ақауларына жатады, ол шеткі не үлкен жүйкеден нейрофиброманың өсуімен сипатталады; қатерлі шваннома - ісіктің қатерсіз түрінен клетка атипизмімен, көпядролы симпластардың пайда болуымен, ісік қан тамырының гиалинозымен ерекшелене-тін ісік жатады.

         Вегативтік жүйке жүйесінің ісіктері. Бұған симпатикалық түйіндердің ісіктері кіреді.

         Ганглиоздық клеткалар ісіктері. Ганглионеврома негізінен симпатикалық бағанның көкірек бөлігінде ұшырайтын қатерсіз ісік.

         Параганглий элементтерінен өсіп шығатын ісіктер. Праганглийдің 2 түрі болады: 1) Хромаффинді (бүйрекүсті безінің орталық қабаты және т.б. жатады.);  2) Хромаффинсіз параганглий (картоид денешіктері және т.б.)

         Нейробласт немесе симпатогоний клеткаларының ісіктеріне нейробласт клеткаларының эмбрион кезеңіндегі жетілу процесінің және миграцияның бұзы-луына байланысты дамитын қауіпті нейробластома жатады. Бұл ісік бүйрекүсті безінде, көкірек қуысында, құрсақ пердесі сыртында ұшырап, жанындағы тіндерге метастаз береді.

 

                                                Тератомалар.   

 

         Тератома деп ұрық клеткаларынан пайда болатын әртүрлі тіндерден түзілген ісікті атайды. Олар сегізкөз-құймшақ аймағында,көкірек қуысында, құрсақ пердесі сыртында, аналық және аталық бездерде, бас сүйегі ішінде, омыртқа өзегінде кездеседі.

         Аналық без тератомасына негізінен дермоидтық кисталар жатады. Оны кесіп қарағанда іші шаш, май т.б. тіндерімен толған.

        Аталық ұрық безінде қатерсіз тератомалар, дермоидтық кисталар және қатер-лі кисталар кездеседі.

 

                              Қан жасаушы және лимфоидты тіндер ісіктері.

 

        Қан жасаушы жүйенің ісіктері 2 топқа бөлінеді: 1) лейкоздар; 2) қатерлі лимфомалар.

        Лейкоздар қан элементтерінің жайылмалы түрде өсуімен сипатталатын қатерлі ісік болса, қатерлі лимфомалар ісік процесінің бір жерден немесе бір топ бездерден басталуымен сипатталады.

        Қатерлі лимфомаларға мына ісіктер жатады: 1)түйінді лимфосаркома; 2)жайылмалы лимфосаркома; 3) саңырауқұлақ тәрізді микоз; 4)ретикулосарко-ма; 5)лимфогранулематоз.

        Лимфосаркома - лимфоцит қатарындағы клеткалардан түзілген қатерлі ісік. Ол лимфа түйіндерінде, кей ағзаларда (ішек-қарын жолдарында, теріде, бадамша бездерінде т.б.) топталған лимфоцит клеткаларынан өсіп шығады. Түйінді лимфосаркома (алыпфолликулалы лимфома, Брилл-Симмерс сырқаты) лимфа түйіндерінде ісік клеткаларының фолликулаға ұқсас құрылымдар түзуімен сипатталады. Жайылмалы лимфосаркоманың клеткалар құрамына қарап: 1)лимфоциттерден; 2)пролимфоциттерден; 3)лимфобластардан; 4)имунноблас-тардан түзілген түрлерін ажыратады. Жайылма лимфосаркоманың ерекше түріне Беркитт ісігі жатады.

         Ретикулосаркома. Ретикулалық клеткалар қанжасау жүйенің стромасын құрғанмен  пайда болу көзі олардан өзгеше. Арнайы бояулармен бояғанда ісік клеткаларын ретикулин талшықтары қоршайды. 

         Саңырауқұлақ тәрізді микоз. Бұл лимфоретикулярлық ісіктер тобына жататын, теріде, кей ішкі ағзаларда жұмсақ, көкшіл түсті түйіндер түрінде өсетін қатерлі ісік.

         Лимфогранулематоз. (Ходжкин сырқаты). Өзіне тән клиникалық белгілері бар, морфологиялық көріністері бар қатерлі ісік. Ол мойын, көкірек қуысы, құрсақ пердесі сыртындағы лимфа түйіндерінде кездеседі. Оны клиникалық морфологиялық белгілеріне қарап 4 түрге бөледі: 1)Лимфоидтық тіннің басым-дығымен сипатталатын түрі лимфогранулематоздың 1-11 кезеңіне тура келеді; 2)Аралас клеткалық түр; 3)Лимфоидтық тіннің жойылуымен сипатталатын түрінде ісік құрамынан лимфоцит клеткаларының бүтіндей жойылуы тән; 4) Нодуляр (түйінді) склероз түрі лимфа түйіндерінде оларды жеке-жеке түйіндерге бөлетін дәнекер тіннің өсуімен ерекшеленеді.         

                                                                                                                 

 

 

                           Ісік өсуінен сақтандыру және оны емдеу тәсілдері.

 

         Ісік өсуінен алдын-ала сақтандыру обыр алды және дисгормондық жағдайларды ерте анықтап емдеуге негізделеді. Сонымен бірге қоршаған ортаның тазалығы үшін және әртүрлі зиянды әдеттермен күресуді қажет етеді.

         Емдеу тәсілдерінің жалпы негіздері мынаған бағытталған:

  1. хирургиялық емдеу – ісікті сау тіннің көлемінде дер кезінде отап тастау;
  2. химиотерапия үшін жасушалардың өсіп-өнуін тежейтін дәрі-дәрмектер қолдану;
  3. ісік жасушаларының өсіп-өнуін тежеу мақсатында иондағыш сәулелерді қолдану;
  4. организмнің қорғаныстық күштерін көтермелеу және жетілдіру.      

           Ол үшін еркін радикалды тотығуды тежейтін антиоксиданттар, ісік өсуін туындататын вирустарға қарсы интерферондар, иммундық жүйені қалпына келтіретін дәрі-дәрмектер, зат алмасудың бұзылыстарын жөнге келтіретін витаминдер т.с.с. заттар қолданылулары керек.

 

 

 

Реклама:

Конструктор сайтов Asia.kz
Конструктор сайтов Asia.kz
 
 
 
 
 
Пожаловаться на сайт